ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Сапар аясында ол Сайрам ауданында орналасқан, қуаты 1000 МВт-қа дейін жететін маневрлік режимдегі бу-газ қондырғысы (БГҚ) негізінде салынып жатқан электр станциясының құрылыс барысымен танысты.
Аталған жоба ҚР Энергетика министрлігінің 2035 жылға дейінгі электр энергетикасы саласын дамыту жоспарына енгізілген. Бұл жоспар аясында 26 ГВт-тан астам жаңа қуат көздерін іске қосу көзделген.
«БГҚ Түркістан» ЖШС Басқарма төрағасы Қуаныш Бектеміров вице-министрге өңірдегі ең ірі инвестициялық жобаның іске асу барысы жөнінде баяндады. Жалпы ауданы 60 гектар болатын негізгі алаңда электр станциясының нысандары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, жабдықтарды жеткізу және логистика үдерістері қатар жүргізілуде.
Шілде айында алаңға генераторлармен жабдықталған екі газ турбинасы жеткізілді. Қазіргі уақытта тағы екі газ турбинасы мен екі бу турбинасы тиісті құрылғыларымен жолда келе жатыр.
Вице-министр құрылыс нысандарын, логистикалық және қоймалық инфрақұрылымды аралап көрді. Мұнда әлемнің түрлі елдерінен жеткізілетін жоғары технологиялық жабдықтарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
«БГҚ Түркістан» ЖШС компаниясының басшылығымен және жобаның бас мердігерлері – оңтүстік кореялық Doosan Enerbility корпорациясы мен «BCN Group» ЖШС құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесу барысында Сұңғат Есімханов құрылыс сапасына және жұмыс кестесінің сақталуына ерекше назар аударды. Себебі қуаты 1000 МВт-қа дейін жететін бұл электр станциясы ҚР-дағы энергетикалық тұрақтылықты арттыру және электр энергиясын өндіру көздерін әртараптандыру жөніндегі ауқымды жоспардың бір бөлігі болып табылады.
Айта кетейік, жоба Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясының тапшылығын жоюға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ Түркістан облысының өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Жобаны іске асыру мерзімі – 2024–2027 жылдар.
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы бірқатар ірі энергетикалық нысандарға жасаған жұмыс сапарының басты мақсаты – 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысу.
![ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ] ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ]](/upload/CAllcorp3/3b3/qa5faean8ipo8cwwrxrhq0clxz2ljgco.png)