«Түркістан БГҚ» ЖШС қызметкерлері Ernst & Young (EY) компаниясының қатысуымен екі күндік тәуекелдерді басқару бойынша корпоративтік тренингке қатысты. Бағдарлама COSO 2017 халықаралық үлгісі негізінде әзірленіп, реактивті шешімдерден жүйелі және басқарылатын тәуекел-менеджментке көшуге бағытталды.
Оқытуды EY CCA Бизнес академиясының оқытушы-консультанты — тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және ішкі аудит саласындағы сарапшы жүргізді.
Тренинг барысында қатысушылар:
• тәуекелдерді басқару қағидаларын терең түсініп, тәуекел мәдениетін қалыптастыруды үйренді;
• компанияның негізгі бизнес-процестерін талдады;
• тәуекелдерді анықтау, талдау және бағалау құралдарын меңгерді;
• тәуекел карталарын құруды және жауап беру стратегияларын таңдауды тәжірибе жүзінде пысықтады;
• «үш қорғаныс желісі» қағидасын және барлық деңгейдегі жауапкершілікті бөлу ұстанымдарын бекітті.
Оқу форматы практикалық сипатта өтті: командалық жұмыс, компания қызметінен алынған кейстер және нақты жұмыс жағдайларын талқылау.
Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл және қоғаммен байланыс қызметінің жетекші маманы Марал Сдыкова тренингке қатысты өз әсерін былай жеткізді: «Әріптестердің белсенді қатысуын, нақты пікірталастарды, тереңірек түсініп, практикалық шешімдер табуға ұмтылуын көру ерекше құнды болды. Тренинг форматы әдістемені жай ғана меңгеруге емес, оны біздің күнделікті процестеріміз бен міндеттерімізде нақты қолдануға болатынын сезінуге мүмкіндік берді».
«Түркістан БГҚ» ЖШС үшін адамдар - негізгі ресурс. Қарқынды өзгеріп тұрған ортада қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін жүйелі түрде дамыту компанияның тұрақтылығын, сенімділігін және ұзақ мерзімді тиімділігін қамтамасыз етеді.
![ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ] ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ]](/upload/CAllcorp3/3b3/qa5faean8ipo8cwwrxrhq0clxz2ljgco.png)