«Түркістан БГҚ» ЖШС Басқарма төрағасы Ұлан Бүркітов бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт бу-газ электр станциясын салу стратегиялық инвестициялық жобасының іске асырылу барысын талқылау үшін кездесті.
Кездесу барысында өңір басшысы Нұралхан Көшеров Түркістан облысының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін аталған жобаның басым маңыздылығын атап өтіп, станция құрылысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқанын және облыс басшылығының тұрақты бақылауында екенін жеткізді.
«Түркістан БГҚ» компаниясының Басқарма төрағасы Ұлан Бүркітов облыс әкімін жобаның 2025 жылғы іске асырылу қорытындылары туралы хабардар етіп, негізгі технологиялық кезең — күштік жабдықтарды монтаждауға көшкенін хабарлады. Атап айтқанда, биылғы жылдың соңына қарай станцияның негізгі корпусындағы уақытша тіректерге екі газ турбинасы мен олардың генераторлары сәтті орнатылды. Жобалау, логистика және жабдықтарды монтаждау бойынша жұмыстардың барлық кешенін Doosan Enerbility және «Integra Construction KZ» ЖШС компанияларынан құралған халықаралық Консорциум жүзеге асыруда.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі құрылысты белгіленген мерзімде сапалы әрі уақтылы аяқтау қажеттігіне назар аударды және жергілікті атқарушы орган тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді. Осы ауқымды жобаны іске асыру оңтүстік өңірдің энергия қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту арқылы облыс экономикасына қуатты серпін беруге тиіс.
![ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ] ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ]](/upload/CAllcorp3/3b3/qa5faean8ipo8cwwrxrhq0clxz2ljgco.png)