Түркістан облысының Сайрам ауданында бу газ қондырғысы негізінде электр стансасының құрылыс алаңына мемориалдық капсула салынды. Салтанатты шараға «Түркістан БГҚ» ЖШС басшысы Асқар Құсайынов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және жобаның мердігер ұйымдарының басшылары қатысты.
«Бұл Түркістан облысының тарихындағы ең ірі инвестициялық жоба – қуаттылығы 1000 МВт электр стансасы. Ол жүзеге асқанда өңіріміздегі энергия тапшылығы толығымен шешіледі. Сонымен қатар, бұл ірі кәсіпорындар мен өндірістің серпінді дамуына мүмкіндік береді», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Учаскеде инженерлік-геологиялық және инженерлік-геодезиялық іздестіру жұмыстары аяқталды. Дайындық жұмыстарының барысы туралы Түркістан облысының әкіміне «Түркістан БГҚ» ЖШС басқарма төрағасы Асқар Құсайынов хабарлады.
Қазіргі уақытта инженерлер мен жұмысшыларға арналған уақытша ғимараттар мен құрылыстарды (вахталық қалашық) салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Электр стансасы мен инфрақұрылым құрылысы кезінде 2 000-ға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланса, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 360 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бүгінде Түркістан облысына 320 МВт электр қуаты қажет. Сондықтан экономиканы дамыту мәселесінде де, энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруда да аймақтағы болашақ энергия көзіне үлкен үміт артылады. Бу және газ электр станциясы озық технологияларға ие болады, тиімді және қоршаған ортаға аз әсер етеді.
Айта кетейік, жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Жобаны «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асыруда. Бас мердігер кореялық Doosan Enerbility Co LTD консорциумы және «Bazis Construction» ЖШС. Компанияның өкілдері капсулаға естелік жазбалар қалдырды.
«Түркістан облысында қуаттылығы 1000 МВт бу газ қондырғы (БГҚ) негізіндегі электр станциясының құрылысы» жобасы 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
![ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ] ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ]](/upload/CAllcorp3/3b3/qa5faean8ipo8cwwrxrhq0clxz2ljgco.png)